14.04.2026
Мектептің логопед-дефектологы Г.М. Жалелова аутизм туралы ақпараттандыру мақсатында арнайы ақпараттық бұрыш ұйымдастырды. Аталған бұрышта аутизмнің ерекшеліктері, оның белгілері, аутизмі бар балалармен қарым-қатынас жасау жолдары және оларға қолдау көрсетудің маңыздылығы туралы жан-жақты түсіндірме материалдар орналастырылды. Сонымен қатар оқушылар мен ата-аналарға арналған танымдық мәліметтер, пайдалы кеңестер мен ақпараттық жадынамалар ұсынылды.
Бұл ақпараттық бұрыштың негізгі мақсаты – білім алушылардың аутизм туралы түсінігін кеңейту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға деген құрмет пен жанашырлық сезімін қалыптастыру, қоғамда толеранттылық пен мейірімділікті насихаттау. Осындай жұмыстар арқылы мектеп ұжымы оқушылардың бойында қамқорлық, түсіністік және өзара қолдау көрсету құндылықтарын дамытуға ықпал етеді.